ШҚО-да дәрігерлер жүрегінде алып ісігі бар науқасты аман алып қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиохирургтары әйелдің өміріне қауіп төндірген сирек кездесетін миксома ісігін сәтті алып тастады.

ота операция
Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

Бұл клиникалық жағдай туралы ШҚО ауруханасының кардиохирургі Шыңғыс Балтабеков мәлім етті.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

Жуырда медициналық мекемеге 37 жастағы әйел аса сирек әрі өміріне тікелей қауіп төндіретін диагнозбен - жүректің сол жақ жүрекшесіндегі миксомамен түскен. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған диагностикасы мен жедел хирургиялық араласуының арқасында науқастың жүрегіндегі ісік алынып тасталды.

 

- Жүрекке жасалған ультрадыбыстық зерттеу кезінде біз бірден жүрекшелер арасындағы қалқаның бойында орналасқан ірі ісікті байқадық. Бұл сол жақ жүрекшеге орналасу - миксомаға тән. Науқастың жағдайы шұғыл ота жасауды талап етті. Абырой болғанда, ота сәтті өтті. Қазір пациенттің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрғын жоқ, - деді Шыңғыс Балтабеков.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде дәрігердің қателігінен соң емхана пациентке моральдық шығын төлейтіні хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар