ШҚО-да дарынды балаларға арналған мектеп ашылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қараусыз қалған ғимарат орнында дарынды балаларға арналған мектеп ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да дарынды балаларға арналған мектеп ашылады

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде дарынды балаларға арналған мектеп бой көтереді.

«Білім саласында үлкен жоба іске қосылды. Жібек маталар комбинаты шағынауданындағы құрылысы аяқталмаған нысан көптің есінде. Бастапқы жоба бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі онда машина жасау колледжін салуды жоспарлаған. Алайда жоба аяқталған жоқ. Сөйтіп ғимарат ұзақ уақыт бойы қараусыз қалды», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Қазіргі уақытта аталмыш нысан облыс әкімдігінің балансына берілді. Жақын арада мұнда физика, математика, информатика және басқа да нақты ғылымдардағы дарынды балаларға арналған 900 орындық мектеп салынбақ.

«Сондай-ақ бұл жерде ШҚО-ның басқа аудандарынан келген балаларға арналған 160 орындық интернат қарастырылған. Оқу үрдісіне мықты профессорлық-оқытушылық құрам тартылатын болады. Педагогтар үшін де жайлы жатақхана салу көзделіп отыр. Оқу орны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп« жобасына толық сәйкес келеді. Кабинеттер барлық стандарттар бойынша жабдықталады. 300 орындық үлкен спортзал, бассейн және асхана болады. Қазір құрылысшылар барлық сақталған құрылыстардың жарамдылығына сараптама жүргізеді. Жоба толығымен қауіпсіз болуы шарт», - деді әкім.

Сонымен қатар жақын арада қарқынды дамып келе жатқан Жібек маталар комбинаты шағын ауданында 600 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталады. Бұдан бөлек, өңір басшысы құзырлы басқарма мамандарына осы шағын аудандағы құрылысы аяқталмаған балабақша ғимаратына қатысты жұмыс істеуді тапсырды. Жеке меншік иесіне нысанды аяқтау үшін тиісті бағыт беріледі.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңір бойынша 7800 орындық 15 білім ордасы бой көтереді. Қазірдің өзінде Өскемендегі «Нұрлы жол» шағын ауданында және Зайсан ауданында салынып жатқан мектептердің құрылысы аяқталуға жақын.