ШҚО-да екі аудан әкімдігі 22 шағын бизнесті заңсыз тексермек болған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Прокуратурасы 22 шағын бизнесті заңсыз тексермек екі аудан әкімдігіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да екі аудан әкімдігі 22 шағын бизнесті заңсыз тексермек болған

ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай және Күршім аудандарының әкімдіктері профилактикалық бақылау және қадағалау тізіміне жеке кәсіпкерлерді - дүкендер мен сауда орындарының иелерін заңсыз енгізген.

«Бұл Президенттің 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және кіші кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерден босату туралы қолданыстағы Жарлығын бұзу болып саналады. Аудан прокуратуралары заңсыз қаулылардың күшін жойды. Осылайша, 22 кәсіпкер тексерілетіндер санатынан шығарылды. Бизнесті қорғау – прокуратура органдарының қызметіндегі басым бағыт. Жұмыс бизнес субъектілерінің өзекті мәселелерін барынша жедел шешуге, рейдерліктен және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғауға бағытталған», - делінген хабарламада.

Осы мақсатта облыстың әрбір өңірінде мобильді топтар құрылып отыр. Олармен тәулік бойы байланысқа шығуға болады. Байланыс телефондары ШҚО прокуратурасының ресми сайтында орналастырылған, онда азаматтар кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуына байланысты мәселелер бойынша жүгіне алады.

Айта кетейік, 2023 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстандағы прокуратура органдары 108 кәсіпкердің құқығын қорғады.