ШҚО-да экология заңнамасын бұзған кәсіпорынға 45 млн теңге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысында экология заңнамасын бұзған кәсіпорынға 45 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.

айыппұл
Фото: freepik.com

ШҚО Экология департаментіне «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің экология заңнамасын сақтамайтындығына қатысты арыз келіп түсті. Соған орай кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Департамент қызметкерлері кәсіпорынға барып, мұржаларға өлшеу жүргізген. Нәтижесінде, зиянды шығарындыларының рұқсат етілген шектен асып кеткендігі анықталды.

«Шығарындылар күкірт диоксиді бойынша нормадан 2,9 есе, көміртегі оксиді бойынша 3,4 есе, көмірқышқыл газы бойынша 1,2 есе артық. Осылайша, Өскемен металлургия кешені өндірістік қызмет барысында қоршаған ортаға залал келтірді. Басқа да бірнеше заңбұзушылық тіркелген. Экологиялық Кодекске сәйкес, компанияға жалпы сомасы 45 319 572 теңге айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар