ШҚО-да «Еңбек» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында «Еңбек» бағдарламасы аясында бір жыл ішінде 29 адамға жеке кәсібін ашуға қайтарымсыз грант берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да «Еңбек» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылды

Алтай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Берікжан Бекбосынов нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.

«Аудан бойынша былтыр бағдарламаға қатысу үшін 1632 адам жүгінді. Оның ішінде 716 азамат жұмыс іздеп жүрген. 29 адам аталған бағдарламаның бірінші бағытына, яғни облыста сұранысқа ие мамандықтарға оқытылды. Олар 3 ай бойы арнайы курстан өтті. Қазір 28-і тұрақты жұмысқа орналасқан», - деді ол.

Берікжан Бекбосыновтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Neet санатындағы жастарға басымдық берілген.

«Бастау бизнес» жобасы шеңберінде аудан бойынша 52 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты. Оның ішінде 42-сі бизнес жоспарларын сәтті қорғады. Сондай-ақ 3 азаматқа 14 млн теңге мөлшерінде шағын несие берілген. 29 адам жеке кәсібін ашуға 583 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды. 7 грантты көпбалалы аналар алды», - деді Алтай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.