ШҚО-да ер адам бөтеннің аккаунтын бұзып, жазылушыларынан ақша талап еткен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы тұрғынының әлеуметтік желідегі аккаунтын бұзып алған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күдікті 22 жастағы азаматтың Instagram желісіндегі аккаунтын бұзып алып, пайда таппақ болды. Анықталғандай, ол жәбірленушінің жазылушыларынан ақша сұраған.
«Аталған факт бойынша полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 205-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күдікті 40 тәулікке қамауға алынуы немесе 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін», - дейді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да интернет алаяқтардың арбауына түскендер 1,5 есеге артқаны хабарланған.