ШҚО-да ер адамды құтқарған екі жас жігіт марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі су жағасында ер адамның өмірін құтқарып қалған Өскемен қаласының екі тұрғынын марапаттады. ҚазАқпарат бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

ШҚО-да ер адамды құтқарған екі жас жігіт марапатталды

Өскемен қаласындағы Дағдарыс орталығында ШҚО ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісов ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қолы қойылған Алғыс хаттарды жастарға табыстады. Айдос Мусин мен Нұрлыбек Ешенов шұғыл жағдайда көрсеткен көмегі үшін марапатталды.

Еске салсақ, биылғы маусым айында олар Сібе көлдерінде демалып жатқан кезде 44 жастағы ер адамға көмек қажет болған. Жас жігіттер оның жағдайын кәсіби түрде анықтап, реанимациялық әрекеттер жүргізген. Солай ер адамды өмірге қайтарды.

Айдос пен Нұрлыбек үшін өмірді құтқару – олардың жұмысы. Себебі екеуі де жедел жәрдемде фельдшер болып жұмыс істейді. ​

«Қауіп-қатерлер көп, олардың арасында адамды құтқарумен байланысты жағдайлар бар. Бірақ су жанында демалып жатып адамды құтқару – мұндай оқиға өмірімде бірінші рет болып отыр», - дейді Айдос. «Науқасқа көмектескеніңді сезіну – аса қымбат дүние. «Үлкен рахмет« дегенді есту әрқашан жағымды!»- деді Нұрлыбек Ешенов.