ШҚО-да есірткі тасымалдау каналы әшкереленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ірі мөлшерде есірткі тасымалдап, сатумен айналысқандардың жолы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу шарасы барысында арнайы операция өткізіп, бағасы 15 миллион теңгеден асатын «гашиш» есірткісін тәркіледі.

Анықталғандай, ағайындылар сөз байласқан сыбайластарымен бірге оңтүстік аймақтардан Шығыс Қазақстанға есірткі жеткізетін канал құрған. Олар есірткіні Алматыдан Өскеменге тасымалдау үшін логистикалық компанияның қызметтерін пайдаланып, «тауарды» алған соң өңір аумағында сатумен айналысқан.

Тәртіп сақшылары Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп есірткі сатушыларды қолға түсірді. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 157 полимерлі пакетке салынған «гашиш» есірткісін тәркіледі.

«Есірткі тасымалдау каналын ұйымдастырған 3 ер адам қамауға алынды. Олар «гашиштің» жалпы құны 15 млн теңгеге жететін 1,5 мыңға жуық дозасын сатпақ болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. 1977, 1979 және 1980 жылы туған жігіттер он бес жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», - дейді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Шаяхметов.


Соңғы жаңалықтар