ШҚО-да «Евро 5» маркасымен арзан бензин сатылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жанармай бағасын заңсыз қымбаттату дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да «Евро 5» маркасымен арзан бензин сатылған

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі компаниялардың бірі жанармай бағасын заңсыз қымбаттатқан.

Анықталғандай, «Штиф» жанар-жағармай құю стансасы желісінде жанармай сатумен айналысатын «Восток-Логистикс» ЖШС АИ-92 маркалы бензиннің екі түрін саудалаған. Павлодар мұнай-химия зауыты шығарған жанар-жағармайдың литрі 180 теңгеден сатылса, Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан жанар-жағармайға «АИ-92 Евро 5 АНПЗ» маркасы жазылып, литрі 182 теңгеден сатылған.

«Жанармай құю станциясының операторлары тұтынушылардың қойған сұрақтарына «бензин бағасының әртүрлі болуы «АИ-92 Евро 5 АНПЗ» маркалы бензин сапасының жақсырақтығы себеп» деп түсіндірген. Алайда Қазақстанда «Еуро 5» бензині ұғымы 180 теңге көлемінде сатылатын жанармайда мүлде қолданылмайды. Сондықтан бензинге осындай марканы жазып көрсету – тұтынушыларды жаңылыстырды», - делінген ақпаратта.

Департамент қызметкерлерінің талабынан кейін қазір «Восток-Логистикс» ЖШС заңсыздықты жойды. Баға 180 теңгеге түсірілді.