ШҚО-да ғимаратты жөндеген компания «ҚазАвтоЖолды» сотқа берді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында мердігер ұйым Өскемен қаласындағы әкімшілік ғимаратқа жүргізген жөндеу жұмыстарының ақысын өндіру үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясын сотқа берді. Бірінші сатыдағы сот құрылысшылардың талабын қанағаттандырған. Ал ұлттық компания сот шешіміне апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр.

Судебный спор почти на 9 млн тенге: строители требуют от «КазАвтоЖола» оплату за ремонт здания в ВКО
Фото: Kazinform / ЖИ

Дау «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «Строй Континент» ЖШС арасында Өскемен қаласындағы филиал ғимаратын жөндеу бойынша жасалған келісімшарттан туындаған. Жұмыс барысында мердігерлер бастапқы жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылмаған ақауды анықтап, қосымша 8 млн 938 мың 744 теңгенің жұмысын атқарған. Құрылысшылар жылыту маусымы басталғанға дейін нысандағы жұмыстарды аяқтауды көздеп, қажетті материалдарды өз қаражатына сатып алып, жұмысшылардың еңбекақысын да төлеген.

Тапсырыс беруші өкілдері қосымша жұмыстардың орындалуын техникалық кеңестер барысында тіркеп отырды. Алайда орындалған жұмыстарды қабылдау және тиісті құжаттарды рәсімдеу кезеңінде тараптар арасында келіспеушілік туындаған. Бекітілген қосымша келісім болмағандықтан, мердігерге қаражат аударылмаған.

Бұл мәселе «Атамекен» ҰКП ШҚО кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында талқыланды.

– Қосымша жұмыс көлемінің қажеттілігі жыл бойы өткен төрт бірлескен кеңестің хаттамасында расталған. Мердігер нысандағы жұмысты толық аяқтаған. Алайда тапсырыс беруші тарапынан қаржыландыруды келісудің ішкі рәсімдері ұзаққа созылып, орындалған жұмыстардың ақысы уақытылы төленбеді, – деді кеңес төрағасы Игорь Шацкий.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы аталған дауға қатысты ресми түсініктеме берді.

– Ағымдағы жөндеу барысында мердігер ұйым техникалық құжаттамада бастапқыда көзделмеген қосымша жұмыстарды орындаған. Кейін олардың ақысын төлеуге қатысты келіспеушіліктер туындап, мәселе сотта қарала бастады. 2025 жылғы қарашада «Строй Континент» ЖШС 8,9 млн теңге өндіру туралы талап арыз берді. Алайда ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылды. 2026 жылғы 1 шілдеде апелляциялық сатыдағы сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды, – делінген ақпаратта.

Осыдан кейін мердігер ұйым орындалған жұмыстар туралы біржақты актіні жарамды деп тану және берешекті өндіріп алу туралы жаңа талап арыз берген.

– ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 9 қарашадағы шешімімен мердігер ұйымның актіні жарамды деп тану және қосымша жұмыстардың құнын өндіріп алу туралы талаптары қанағаттандырылды. Тапсырыс беруші сот шешімімен келіспейді. Ұлттық компанияның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында филиал заңнамада белгіленген бір ай мерзім ішінде апелляциялық шағым түсіреді, – делінген ведомство хабарламасында.

Мердігер ұйым мен ұлттық оператор арасындағы қаржылық дауға қатысты соңғы нүктені енді екінші сатыдағы сот қояды.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы алтын кен орнына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған.