ШҚО-да халықаралық «Шығыс салбұрыны» бүркітшілер фестивалі өтеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қазан айының 10-14 аралығында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіт төбе алаңында дәстүрлі халықаралық «Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалі өтеді. Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде мәлімдеді.
«Шығыс салбұрыны» қазақ халқының бай мәдени мұрасын жандандырып, ұлттық спорт пен құндылықтарды дәріптеу арқылы саламатты өмір салтын насихаттауға арналған. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың және «Республикалық Құсбегілік федерациясы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
«Шараның басты мақсаты – ұлттық спорт арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, саламатты өмір салтын ұстануды қолдау, ұлттық құсбегілік спортын, тазы жүгірту, асау үйрету өнерін кеңінен тарату. Биыл Қазақстан мен шет мемлекеттерден 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарлануда, - деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан қатысушылар шақырылып отыр. Барлығы 80 бүркіт, 30 сұңқар және 30 тазы жарысқа түседі деп күтілуде.
Фестиваль аясында екі күн бойы бүркітшілердің құстарды жемге, еркін және иесінің шақыруымен ұшыру сайыстары, шырғамен қоян және түлкі аулау жарыстары өтеді. Сонымен қатар жамбы ату, теңге ілу, тазы иттерінің жарысы және жабайы жылқыларды үйрету сынды ұлттық спорттық жарыстары ұйымдастырылады.
20-дан астам киіз үйде қазақ халқының дәстүрлі көрмелері қойылып, қонақтар сырмақ жасау, кесте тігу, ұлттық тағам дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады. Атқа міну, садақ ату, бағалы сыйлықтармен лотерея және ыстық тамақ та фестиваль бағдарламасына еңгізілген.
Іс-шараның басты ақпараттық серіктестері: Jibek Joly телеарнасы, Qazsport спорт арнасы және Zhetysu TV телеарнасы.