ШҚО-да халқы мүлде арақ ішпейтін 4 ауыл бар

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауыл халқы арақтан мүлде бас тартқан.

Қазақстанның қай өңірлері ішімдікті көп ішеді – статистика
Фото: Pexels

Қылмыстардың басым бөлігі мас күйде жасалатыны белгілі. Сондықтан алкогольді ішімдіктерге әуес адамдармен тиісті жұмыс жүргізудің маңызы зор. Бұл әкімшілік құқық бұзушылықтардың, түрлі қылмыстардың алдын алады.

Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына барлығы 5000-нан астам адам орналастырылған. Сондай-ақ алкогольге тәуелді 370-ке жуық адам емдеуге жіберілді.

«Оңалту курсынан өткеннен кейін оларды учаскелік инспекторлар тұрақты түрде тексереді, қылмыскерлердің арбауына түсіп қалмауын және өздері заңбұзушылық жасамауын қадағалайды. Сонымен қатар полицейлер заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қою жұмыстарын қолға алған. Бір жыл ішінде облыста 16,5 тонна спирт өнімі тәркіленген, 205 адам оны заңсыз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - делінген ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бүгінде өңір бойынша төрт ауыл тұрғындары арақты татып алмайды. Олар: Катонқарағай ауданындағы Көкбастау, Күршім ауданындағы Теректібұлақ, Ұлан ауданының Жанұзақ және Тарбағатай ауданының Байтоғас ауылдары. Халқы ішімдік ішуден бас тартқан бұл ауылдарда бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл басқа елді мекендердің халқына үлгі.