ШҚО-да ІІД басқармасының басшысы әйелі үшін отставкаға кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жанболат Бақыжановтың отставкаға кету жөніндегі өтініші мақұлданды, деп хабарлады облыстық ІІД.
Жол полициясының бұрынғы басшысының мұндай әрекетіне оның әйелінің өз көлігімен полиция қызметкерін қағып кеткені себепші болды. Криминальдық полиция қызметкерін өз көлігімен қаққан келіншек оған көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалған. Қатты жарақат алған зардап шегуші дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болған.
Қайғылы оқиға 2015 жылы 27 желтоқсанда Күленов атындағы кентте болды.
Жол-көлік апатына айыпталушы үстінен ҚР ҚК 345 бабының 3 бөлімі және ҚР ҚК 347 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар жасалып жатыр.