ШҚО-да инклюзивті білім беру орталығы ашылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында инклюзивті білім беру орталығы ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Dana Bala» инклюзивті білім беру орталығы С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында ашылып отыр. Орталықта цифрлық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық бейіндегі көпдеңгейлі қосымша білім беру бағдарламалары қамтылған.

Мұнда аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету, «Дарынды балалар» зертханалары және логопедтік кабинет жұмыс істейді.
Сонымен қатар оқу барысында балалар тірі және жансыз табиғатпен тәжірибе жасап, LEGO конструкцияларын жинайды. Орталықта шахмат және робототехника кабинеттері, «Мен әлемді жасаймын» мультистудиясы да бар.

«Маған «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын салтанатты түрде ашу құрметі бұйырғанына қуаныштымын. Бірегей алаң ерекше балаларға қоғамда табысты бейімделуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Ол орталықтың жабдықталуын жоғары бағалады. Онда электроэнцефалография, полиграф, «МастерГраф» графикалық редакторы, «Дельфа», «Жайлау» компьютерлік сөйлеу тренажерлері және интерактивті логопедтік үстел бар.
