ШҚО-да интернет-алаяқтық екі есеге өскен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қылмыстық құқықбұзушылықтарды талдау жұмыстары соңғы екі жылда Шығыс Қазақстанда интернет-алаяқтықтың саны екі есеге артқанын көрсетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алаяқтар көп жағдайда жоғары технологияларды қолданады. Мұндай жағдайда қылмыскерлерді ұстау оңайға түспейді. Себебі, интернеттің шекарасы жоқ. Алаяқтардың істерінің аясы бүкіл Қазақстанды алып жатыр», - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінен.
Осы мақсатта полиция департаменті ақпараттық технологияларды меңгерген арнайы жұмыс тобын құрып отыр. Жедел-тергеу тобының негізгі міндеті - аталған санаттағы қылмыстық істерді ашу болып табылады.
Мәселен, облыстың екі тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болған. Екі жағдайда да тұрғындар интернет арқылы көлік саймандары сатылатынын көріп, ауызша келісім арқылы төлемді терминал арқылы аударған. Кейін хабарласпай кеткен әлгі адамның Алматы қаласында тұратыны анықталған.
Ақпан айында ғана алаяқтықтың 14 фактісі бойынша 7 адам ұсталған. Ұсталғандар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Алматы облыстары мен Астана қаласының тұрғындары болып шыққан. Танымал интернет-сайттар арқылы олар жәбіленушілердің ақшасына ие болған.
Полиция әлеуметтік желідегі күдікті келісімдерден сақ болуға шақырады.