ШҚО-да интернет арқылы жасалған 14 қылмыс ашылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері ғаламтор арқылы жасалған 14 қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтың жолын кесуге бағытталған «Anti-fraud» мемлекетаралық жедел-алдын алу шарасы басталды.
Бір күн ішінде полиция қызметкерлері 14 қылмысты ашты. Олардың басым бөлігі интернет-алаяқтыққа қатысты болып отыр.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары «1С» бағдарламалық өнімін заңсыз таратып, авторлық құқықты бұзған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады.
Белгілі болғандай, ер адам аталған бағдарламалық өнімдерді ақшалай сыйақы үшін орнатып келген.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 198-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл тағайындалуы мүмкін», - делінген ақпаратта.
Осы ретте полиция департаменті зияткерлік меншіктегі авторлық құқықты бұзғандардың жауапқа тартылатынын ескертті.