ШҚО-да интернеттегі алаяқтардың арбауына 700-ден астам адам іліккен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан интернет-алаяқтықтың 700-ден астам фактісі тіркелді.
Бұл туралы ШҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
- Ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге алаяқтардың да қолданатын әдістері көбейе түсті. Ең кең таралған әдістер - өзін банк пен коммуналдық қызметкер ретінде таныстыру, мемлекеттік органдардың атынан хабарласу және зиянды сілтемелер арқылы мессенджерлерді бұзу. 2024 жылдың 11 айында 700-ден астам тұрғын аяқтардан зардап шеккен, - деді ол.
Интернет-алаяқтықпен күресудің тиімді әдістерінің бірі — алдын алу шараларын жүргізу. Сондықтан өңірде ақпараттық-профилактикалық шараларға басымдық беріліп отыр.
- Мыласы, кешелі бері облыста «Анти-Фрод» шарасы басталды. Сонымен қатар «Стоп-алаяқ» шарасы да үнемі жүргізіліп тұрады. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ескертулер жасап, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпарат таратып жатыр. Бүгінгі күні қылмыстарды тиімді тергеу үшін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жанынан киберқылмыстарды ашумен айналысатын арнайы «Киберпол» бөлімі құрылған, - деді Нұрай Арыстанбек.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда алаяқтардың өздерін коммуналдық қызметкер ретінде таныстырып жүргені хабарланған.