ШҚО-да қала балалары ауылда бір отбасының үйінде 20 күн тұрып, қазақ тілін үйренеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қазақ тілін үйренгісі келген балалар ауылға барып, 20 күн тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде мемлекеттік тілді оқыту мақсатында алғаш рет «Қонақжай отбасы» пилоттық жобасы қолға алынды.

Соның аясында балалар қазақ тілін ерекше, бірақ өте тиімді форматта үйренеді.

«Балалар ауылға барып, тілдік ортаға енеді. Ол үшін Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдары таңдап алынды. Сонымен қатар оқушыларға өлкенің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрлерін білуге, халық аспаптарында ойнауға, жергілікті көрікті жерлер мен тарихи ескерткіштерге баруға мүмкіндік беретін бағдарлама дайындалды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық шаралары ойластырылған», - делінген ақпаратта.

Жобада белгілі бір тілдік білімі мен сөздік қоры бар 12-ден 14 жасқа дейінгі балалар қатысады. Әрбір бала үшін қабылдаушы отбасына 180 мың теңгеден төленеді.

«Аудан әкімдігі 20 мамырдан 1 шілдеге дейін жұмыс істейтін арнайы штаб құрады. Жобаға осы ауылдарда тұратын педколледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан еріктілер тартылмақ. Барлық бала қонақ отбасыларына 10-30 маусым аралығында бір уақытта барады», - делінген хабарламада.

Бүгінде жобаға қатысуға 25 бала өтінім берген.

Оның ішінде Өскеменде - 12, Риддер қаласында - 3, Шемонаиха ауданында - 3, Глубокое ауданында - 4, Алтай ауданында - 3 бала.

Балаларды қабылдайтын әр отбасы сәуір айының соңына дейін мұқият тексеруден өтеді.

12 мамырға дейін білім бөлімі, балалардың ата-аналары және қабылдаушы отбасылар арасында үш жақты шарттар жасалмақ.


Соңғы жаңалықтар