ШҚО-да қандастарға арналған арнайы сайт жасалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы «ЭМИР» қоғамдық қоры қандастарға арналған сайт жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысындағы «ЭМИР» қоғамдық қоры 2004 жылы құрылған. Қордың мақсаты – қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыс, экологиялық бастамаларды ілгерілету және экология саласындағы мемлекеттік мекемелердің қызметіне талдау жасау.
«2021 жылы қор командасы жаңартылып, жаңа жобалар қолға алынды. Сол жылы «Қазақстандағы репатриация: проблемалар мен шешімдер» гранттық жобасы жүзеге асырылды. Осы жоба аясында елімізге оралған қандастардың қазіргі жағдайына зерттеу жүргізіліп, посткеңестік және еуропалық мемлекеттердің репатриация саясаты салыстырылды. Сондай-ақ Kandas.kz ақпараттық сайты әзірленді. Онда қандастарға Қазақстанға келген кезде қажетті ең негізгі (өңірлердегі ахуал, тұрғын үй құны, орташа жалақы, мектептер, медициналық мекемелер туралы) мәліметтер болды», - делінген қор өкілдері таратқан ақпаратта.
2022 жылы қор үш жобаны жүзеге асыруда. Оның бірі – Өскемен қаласының тұрғындарына арналған «Таза қала» интернет-платформасын дамыту. Бұл жобаның мақсаты – шаһар тұрғындары шағым түсіре алатын ресурс жасау. Сол арқылы қала аумағындағы шашылған қоқыс үйінділері, қоқысты уақтылы шығармау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға шағым түсіруге болады. Сонымен қатар ресурста табиғат қорғау іс-шараларын ұйымдастыру айдары да жасалған. Бұл жергілікті табиғат қорғау белсенділерін біріктіруге мүмкіндік береді.
«Өскемен қаласының тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесін жаңғыртудағы тұрғындарды алаңдататын жайттар» атты жоба қолға алынған. Жоба шеңберінде азаматтардың ұсыныстары ескеріліп, түрлі қоғамдық пікірлерге талдау жасалады. Бұл пікірлер билік тарапынан жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынған кезде міндетті түрде ескерілетін болады.
«Үшінші жоба «Қазақстан Республикасының Парламентаризмді дамыту» қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ол жобаның мақсаты – қала маңындағы саяжайларда тұру үшін жағдай жасау және азаматтардың тиісті баспанаға құқықтарын қамтамасыз ету бағытында жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тәуелсіз талдау жасау. Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын, азаматтардың өтініштерін және мемлекеттік органдардың жауаптарын талдау арқылы саяжайларда тұратын азаматтардың мәселелері өте өзекті екенін және құзырлы мекемелердің осы тұрғындармен егжей-тегжейлі жұмыс істеуі қажеттігін көрсетті. Өйткені көп жылдар бойы шешілмеген инфрақұрылымдық мәселелер, тұрғындардың құқықтарын қорғайтын заңнамалық базаның жоқтығы әлеуметтік шиеленіс факторына айналуы мүмкін», - делінген хабарламада.