ШҚО-да қантты көтерме бағамен өткізушілерге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ Өскемен және Семей қалаларында қантты көтерме сауда арқылы өткізушілерге қатысты тергеуді аяқтады.

ШҚО-да қантты көтерме бағамен өткізушілерге айыппұл салынды

Тергеу нәтижелері бойынша «Ерке-М» ЖШС, «Өскемен Қант» ЖШС, «Антоненко И.В.» ЖК, «Боков К.Г.» ЖК - қатысты, Семей қаласында - «Ақ сұңқар Семей» ЖШС, «Спутник» Халықаралық туризм» ЖШС, «Раимова А.К.» ЖК, «Ермекова Ж.К.» ЖК-ға қатысты әкімшілік істер қозғалды және аумақтылығы бойынша сәйкес мамандандырылған соттар қарауына тапсырылды:

Өскемен қаласының Мамандандырылған әкімшілік соты әкімшілік істерді қарап, монополиялық табысты тәркілеу және айыппұлдар салу үкімін шығарды.

Атап айтқанда, «Боков К.Г.» Жеке кәсіпкерлігіне - 49 004 теңге монополиялық табысты тәркілеумен 43 355 теңге мөлшеріндегі айыппұл;

- «Антоненко И.В.» ЖК - 213 973 теңге монополиялық табысты тәркілеумен  273 378 теңге мөлшеріндегі айыппұл;

- «Өскемен Қант» ЖШС - 553 419 теңге  монополиялық табысты тәркілеумен 350 273 теңге мөлшеріндегі айыппұл;

- «Ерке-М» ЖШС - 487 545 теңге монополиялық табысты тәркілеумен 560 841 теңге мөлшеріндегі айыппұл салынды.

Семей қаласы бойынша әкімшілік істер Мамандандырылған әкімшілік сот қарауында.