ШҚО-да қар астында қалған ауыл тұрғындары бір-біріне қалай көмектесіп жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 7 қаңтардан бері қалың қар жауып, боран соғып тұр. Соның салдарынан ауылдардың халқы қар құрсауында қалған. Бірақ соған мойымай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жұрт табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруде.

қар
Фото: видеодан алынған кадр

Қар астында қалған ауылдар Президент жарлығымен жаңадан құрылып жатқан Марқакөл ауданында қарасты. Алайда аудан әлі заң бойынша ресімделіп, нақты шекарасы белгіленбеді.

Осы жылдың 8 қаңтарында Марқакөл ауданының мәслихаты құрылып, мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп, төрағасы сайланды.

Ал аудан әкімін 25 қаңтарға дейін тағайындау жоспарланған. Тек содан кейін аудан әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесін құру туралы қаулы, аппаратты басқару схемасы қабылданбақ.

Сондықтан әзірше Күршім ауданы деп жазып отырмыз.

Қаһарына мінген қыс бір аптадан астам уақыт бойы ауылдарға қарды үйіп-төкті. Осылайша, халық үйлерінен шыға алмай, қаламен, аудан орталығымен байланыс үзілген.

Жағдайы қиындаған науқасқа да жедел жәрдем жете алмай қалды. Жолда қалғандар, қыстақта қамалғандар да бар.

Ел өрістегі малын қораға айдай алмай, әбден әуре-сарсаңға түскен. Бұл туралы бізге марқакөлдік Қайырхан Байгүндинов айтып берді.

«Осындай қиын-қыстау сәтте жұртымыз жұмыла әрекет етуде. Бір-біріне қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Жолда қалған жандарға әскерилер де көмек көрсетті. Жағдай қиындағанда ақша жинастырып, волонтерлерді іздестіре бастадық. Қар күрейтін техникалар тартылуда. Шүкір, зардап шеккен ешкім жоқ. Қалың қардан өрістегі жылқы тебіндей алмай қалды. Малды қораға жеткізу де мұңға айналған. Содан ойлана келе жылқылардың басын қосып, Боран ауылына дейін айдап әкеліп, сонда бағып, аман сақтап қалып жатырмыз. Мал шығыны да жоқ», — дейді ол.

Марқакөл ауылында дүкен ұстап отырған жеке кәсіпкер Назгүл Аманжолова халыққа азық-түлік үлестіріп, еріктілерді жинастырып, бағыттап жүр. Ал Құмарбек Бату есімді кәсіпкер 100 мың теңгенің азық-түлігін ауылдастарына таратқан.

Басқа да кәсіп иелері тасада қалмай заттай, қаржылай көмектесуде. 50-ден астам адамнан құралған еріктілер тобы қарттар тұратын үйлердің есік алдын күреп, төбелерін қардан тазартып, ағаш-көмірлерін дайындауда.

«Шанағатты ауылында электр желісі үзіліп, тұрғындар жарықсыз отыр. Электршілер ауылға жете алмауда. Кеше Ұранхайка ауылына ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің 2 қар тазалағыш техникасы жұмылдырылды. Төсқайың ауылында ауырып жатқан кісіге бүгін тікұшақ ұшып келді. Аудандағы жағдай облыс әкімдігінің бақылауына алыныпты. Бұны естіп қуандық. Бұрын 1966 жылы бізде тура осындай жағдай болған. Ол кезде мен баламын. Онда да тікұшақтар тартылған еді», — дейді Қайырхан Байгүндинов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Күршім ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.