ШҚО-да қар аз түскендіктен жердің тоңы 1,5 метрге жеткен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда жердің тоңы 1,5 метрге дейін жеткен. Осының салдарынан көктем туа бірнеше ауданда су жайылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин БАҚ өкілдеріне көктемге дайындық шаралары туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл қардың аз түсуі салдарынан жердің тоңы тереңдеп кеткен.
«Облыс бойынша қардың орташа қалыңдығы 25 сантиметрден аспайды. Ал «Қагидромет» мамандары тоңның тереңдігі 40-150 см аралығында екенін айтып отыр. Бұл өткен жылғыдан жеті есе терең деген сөз. Әсіресе, Бесқарағай, Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті, Қатонқарағай, Бородулиха, Күршім аудандары мен Өскемен қаласының маңында жердің қатуы ерекше», - деді Александр Ломыгин.
Қаңтардағы қатты аяз салдарынан қазірдің өзінде өзен-сулардың арнасы бітеліп, қызыл судың жайылуына түрткі болып отыр. Қатонқарағай ауданының Көктерек және Солдатово ауылдарында су жайылу қаупі бар. Солоновка және Сарымсақты өзендерінің арнасына мұз кептелгені анықталып отыр.
Ал Глубокое ауданының Ушанов кенті мен Предгерное, Уваров, Прапорщиков, Кожохово, Черемшанка ауылдарын қазірдің өзінде өзен суы жиі мазалауда. Төтенше жағдай мамандарын ақпан айының соңғы онкүндігіне болжанған ауа райы мәліметтері де алаңдатып отыр. Ақпанның соңғы күндері аязды әрі боранды болу мүмкін.
»Қазгидромет» болжамы бойынша ақпан айында жауатын қар мөлшері айлық межеден әлдеқайда көп. Сондықтан облыстың басым бөлігінде көктемге дайындықты күшейту қажет», - деді департамент өкілі.
Қар еру маусымына облыс бойынша 1000 адам мен 300 техника тас-түйін дайын тұр. Су алуы мүмкін орындарға 56 жүзу және су сору құрылғылары жеткізілген. Апаттық құтқару жұмыстарына «Қазавиақұтқару» мекемесінің 9 тікұшағы тартылмақ.