ШҚО-да қар көшкіні қаупіне байланысты екі жол жабылады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында күн райына байланысты тасжолдар жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкіні жүру қаупіне байланысты өңірдегі екі жол жабылады.
«Өскемен мен Серебрянск қалаларының арасындағы тасжолда және «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 6-66 шақырымында бүгін сағат 20.00-ден бастап 22 желтоқсан сағат 6.00-ге дейін автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа тыйым салынады. Өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береміз», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске салсақ, 15 желтоқсан күні «Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік» тасжолында қар көшкіні түсірілген болатын.