ШҚО-да қар көшкініне байланысты тасжолдардың бірі жабылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсіріліп жатыр. Осыған байланысты автожолдардың бірі жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да қар көшкініне байланысты тасжолдардың бірі жабылады

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 9 ақпанда сағат 11:00-ден бастап өңірдегі тасжолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынады.

«Жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілуіне байланысты облыстық маңызы бар «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолының 95-102 шақырымы көліктің барлық түрі үшін жабылады. Жол қардан толық тазарғаннан соң ғана ашылады», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, облыстық ТЖД мамандары өңір жұртшылығына алыс жолға шығар алдында барынша абай болуға шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде бірден «112» телефон нөміріне қоңырау шалу қажет.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда тауда екі жарылыс жасалып, 5200 текше метр қар түсірілгендігін хабарлаған едік.