ШҚО-да қар құрсауында қалған 164 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 13-14 наурыз күндері қар құрсауында қалған 164 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да қар құрсауында қалған 164 адам құтқарылды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сенбі-жексенбі күндері өңір бойынша 63 көлік қарға батқан. Құтқарушылар Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Катонқарағай және Алтай аудандарына апарар жолдарда қар құрсауында қалғандарға шұғыл көмекке аттанып, 164 адамды эвакуациялады. Бұл жолдар 13 наурызда ауа-райының қолайсыздығына байланысты жабылған болатын.

«Алдын ала дауылды ескерту жасалса да кейбір тұрғындар елді мекеннен алыс жолға шығып кеткен. Жүргізушілер полиция бекетін айналып өтіп, жолда қалған фактілері де болды. Қазіргі таңда аймақ аумағында барлық облыстық және республикалық маңызы бар жолдар ашық тұр», - делінген хабарламада.

Осы ретте, ТЖД өкілдері өңір тұрғындарына дауылды ескерту жасалған кезде алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеді. Жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отырған абзал. Егер жолда қиын жағдайға тап болсаңыз, дереу «112» нөміріне хабарласу қажет.