ШҚО-да қар құрсауында қалған 4 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 4 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да қар құрсауында қалған 4 адам құтқарылды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 ақпанда сағат 20.30 шамасында Аягөз қаласынан 15 шақырым жерде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған автокөлікте 3 адам болған.

Олар құтқарушылардан көмек сұрады. ТЖД қызметкерлері техникалық ақауы бар көлікті Аягөз қаласына жеткізді. Азаматтар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

«ВАЗ 2115» маркалы автокөлік Жарма ауданы Борсық ауылынан 4 шақырым жерде қар құрсауында қалған. Белгілі болғандай, ер адам құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, жалғыз өзі Әуезов ауылынан Өскемен қаласына қарай бет алған.

«112» қызметіне қоңырау шалған тұрғынға департаменттің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері көмекке келді. Олар көп ұзамай трос арқылы автокөлікті қардан шығарып Өскеменге дейін жеткізді», - делінген ақпаратта.