ШҚО-да қар құрсауында қалған 95 адам құтқарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 95 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір жолдарында апаттық-құтқару жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тәулік ішінде құтқарушылар 95 адамды, оның ішінде 5 баланы құтқарып, 63 көлікті жолға сүйреп шығарды.
«Қазіргі уақытта облыстағы 5 бағытта жол жабық: «Алматы-Өскемен» тасжолының 967-1048 шақырымы, (Қалбатау ауылы мен Ұлан ауылының аралығы), «Семей-Қарауыл» тасжолының 4-182 шақырымы, «Бақыршық-Борсақ» тасжолының 0-18 шақырымы, Борсақ ауылы жолының 0-11 шақырымы, «Алматы-Өскемен» тасжолының 778-967 шақырымы (Аягөз ауданы мен Қалбатау ауылының аралығы)», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
ТЖД құтқарушылары күні-түні Семей, Жарма, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Зайсан және Көкпекті аудандарының әкімшілік аумақтарында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Жол талғамайтын көлікпен қар құрсауында қалған адамдар эвакуацияланып, көліктер сүйреп шығарылды.
«Департаменттің жедел штабы облыстағы жағдайға мониторинг жүргізуде. Азаматтарға ауа райына байланысты ескерту туралы хабарлама алғанда елді мекеннен алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеміз. Жолдардың жай-күйі туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға болады», - делінген ақпаратта.