ШҚО-да карантин талабын сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір күн ішінде шектеу шараларын бұзудың 9 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да карантин талабын сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр

Өңірде арнайы құрылған мониторинг топтары карантин талабының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көлікте, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейд жүргізуде.

«23 сәуір күні Семейде 229 объектіге тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде қоғамдық көлікте, сауда үйлерінде, базарларда маска режимін сақтамаудың 7 фактісі анықталды. Бұдан бөлек, бұрын тіркелген заңбұзушылықтар бойынша 87 510 теңге мөлшерінде 2 айыппұл өндірілді» делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Сондай-ақ мониторинг топтары Риддер қаласында кәсіпкерлік нысандарды тексеріп, карантин талабын бұзған 1 адамды анықтады. Курчатов қаласында 30 нысан қамтылып, шектеу шараларын сақтамаудың 1 фактісі тіркелген.

Ал Бесқарағай, Зайсан, Абай, Үржар және Аягөз аудандарында ешқандай бұзушылық тіркелмеген.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстанда Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданы «қызыл» аймақта тұр.