ШҚО-да қараша айында ауа райы жауынды бірақ жылы болмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қараша айында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болады деп болжанып отыр.
«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметінше, өңірде қараша айындағы ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп күтілуде.
— Айдың басы жылы болады. Күндіз ауа температурасы +5…+10°C-қа дейін көтерілсе, түнде 0…+5°C аралығында құбылады. Алайда облыстың таулы аудандарында ауа райы айтарлықтай суық болмақ. Онкүндіктің ортасына қарай түнде -5…-10°C-қа дейін аяз түседі. Күндіз ауа температурасы +3°C-тан аспайды, — делінген ақпаратта.
Онкүндіктің соңында күн қайта жылынады. Дегенмен, бұл жылымық ұзаққа созылмайды.
Қарашаның екінші онкүндігінің басында түнде де, күндіз де ауа температурасы нөлден төмендейді деп болжанып отыр.
Күндіз -2…-7°C, түнде -10…-15°C аяз болады. Ал өңірдің таулы аудандарында ауа температурасы -20°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Онкүндіктің соңына қарай күн сәл жылынады.
— Қарашаның үшінші онкүндігінің басында қайтадан ауа райы суытады. Күндіз ауа температурасы 0…-5°C аралығында болса, түнде -8…-13°C-қа дейін төмендейді. Таулы аудандарда аяз -18°C-қа дейін жетуі мүмкін. Айдың соңына қарай күн біршама жылынады, — делінген хабарламада.
Айлық жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде. Қараша бойы жаңбыр мен қар жауады. Кей күндері боран соғуы ықтимал.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде 18 қазанда ауа райы күрт бұзылатындығы хабарланған.