ШҚО-да қармен өрт сөндірген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндіру көлігі қарлы боранның салдарынан жолда қалғандықтан жер үйдегі өртті қармен сөндіруге тура келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 қаңтар күні сағат 14.37-де Бесқарағай ауданындағы өрт сөндіру қызметіне 35 шақырымдық жердегі Қарабас ауылында үйдің өртеніп жатқандығы жайлы хабар түскен. Өрт сөндірушілер бірден сол жерге бет алды. Алайда арнайы көліктері қалың қар мен бұрқасынан жолда қалып, олар ары қарай жаяу жетуге мәжбүр болған.

«Өрт сөндірушелер жаяу аттанып, 2 жарым шақырымды артқа тастады. Жеткен уақытта ағаштан салынған үй толығымен жанып кетіпті. Тілсіз жау сол маңдағы шаруашылық қора-жайларға да жайыла бастаған. Сол кезде өрт сөндірушілер қызыл жалынды қармен өшірді» - делінген ведомство мәліметінде.

Өрт сөндіру көлігі оқиға орнына жол жергілікті кәсіпкердің техникасымен тазаланғаннан кейін 2 сағаттан соң ғана жете алған. Өрт кешкі сағат 20.00 шамасында толықтай ауыздықталды. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«18 жылдық қызмет барысында осындай жағдай алғаш рет орын алып отыр. Үй өртенген ауылға жаяу қалың қарды омбылап жетіп, тілсіз жауды қармен өшіргеніміз өмір бойына есте қалатын шығар. Ағаштан салынған үй лакпен өңделіпті. Тез жанып кеткені сондықтан болар» - дейді бөлімше командирі Игорь Кизь.

Мамандар өрттің шығу себебі – жылыту пешін пайдалану және салу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау деген болжам қарастыруда.
