ШҚО-да қаруды сақтау ережесін бұзған 20-ға жуық адам жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары атыс қаруы бар адамдарға тексеру жүргізді.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында 21-24 сәуір аралығында «Қару» жедел-алдын алу шарасы жүргізілді.
– Соның барысында полицейлер азаматтық қару иелеріне тұрғылықты жері бойынша ауқымды тексеру жүргізді. Жалпы саны 1 500-ден астам адам қамтылды. Жүйелі түрде жүргізілетін профилактикалық жұмыстарға қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында қару сақтау және қайта тіркеу қағидаларын бұзғаны үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ құқық қорғаушылар заңсыз айналымнан 1 атыс қаруын тәркіледі. Осы ретте, тәртіп сақшылары азаматтарды қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде ірі есірткі қоймасы анықталып, 100 келіге жуық марихуана тәркіленгені хабарланған.