ШҚО-да кәсіпкерге жер учаскелерін жалға алу кезінде әкімшілік кедергі келтіру фактісі тіркелді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерге жер учаскелерін жалға алу кезінде әкімшілік кедергі келтіру фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да кәсіпкерге жер учаскелерін жалға алу кезінде әкімшілік кедергі келтіру фактісі тіркелді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерге жер учаскелерін жалға алу кезінде әкімшілік кедергі келтіру фактісі анықталды.

«Департаментке және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген кәсіпкер «ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорық» коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына шағымданды. Белгілі болғандай, ол веломобильдерді жалға беру нүктесін бұрын жабдықтап, осы жерде қызмет көрсеткен. Алайда 2023 жылдың наурыз айынан бастап кәсіпорнының басшылығы кәсіпкермен аталған жер учаскесін жалға беру шартын жасасудан бас тартқан. Коммуналдық мекеме басшысының жер учаскесін беру үшін жалға алушыны жеке таңдауға құқығы бар. Жалға алушыны таңдау процедуралары мен критерийлері бекітілмеген», - делінген ақпаратта.

Антикор мен «Атамекен» ӨКП араласқаннан кейін мұражай басшылығымен кеңес өткізіліп, нәтижесінде кәсіпкермен шарт жасалды.

«Осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және осындай жер учаскелерін бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс бойынша қоғамдық саябақтар аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасу үшін аукцион өткізу туралы ұсынымдар әзірлеуде», - делінген хабарламада.