ШҚО-да кәсіпкерлер құқығының бұзылуы ет бағасының қымбаттауына әкеліп соққан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге ақылы қызметті мәжбүрлі түрде көрсетудің 120 фактісі тіркелді. Бұл ет бағасының қымбаттауына әкеліп соққан. 

Мясо ет
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданында мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге ғимараттары мен көлік құралдарын дезинфекциялау бойынша ақылы қызметтерді мәжбүрлі түрде көрсетуге байланысты 120 факті тіркелген.

«Заң бойынша мұндай қызметтер эпизоотикалық ошақтары бар жерлерде ғана міндеттелуі тиіс. Сонымен қатар ветеринарлық анықтамаларды (№1 форма) берген кезде кәсіпкерлер 52 рет көлік құралдарын дезинфекциялаудың қосымша қызметтерін сатып алуға мәжбүр болған. Кейбір жағдайларда бұл қызмет тіпті көрсетілмеген де. Осындай заңсыз әрекеттер ет өнімдері бағасының едәуір қымбаттауына әкеліп соқты», - дейді департамент басшысы Денис Шакенов.

Антикордың араласуынан кейін мәжбүрлі түрде қызмет көрсету мәселесі шешіліп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да білім саласында 220 млн теңге заңсыз төленгені хабарланған.