ШҚО-да қатты желден бірнеше ауыл жарықсыз қалды
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында ауа райы күрт бұзылды. Қатты желден ауылдар жарықсыз қалып, бораннан жол апаттары жиілеп кетті.
Өңірде соңғы күндері ауа райы шорт бұзылды. Кеше қарлы бораннан жолдар бірінен соң бірі жабылып, жол апаттары да күрт көбейген.
— Автокөліктердің Осинов және Өмеш асуларынан жыраға құлап кетуі жиі тіркелді. Сондай-ақ Өскемен-Риддер, Өскемен-Шемонаиха, Өскемен-Тарғын-Самар тасжолдарында жол-көлік оқиғалары көп болды. Қатты боран мен жолдың дұрыс көрінбеуі салдарынан көлік қозғалысы шектеліп те жатыр. Абырой болғанда, осы демалыс күндері өңірде ірі жол апаты болған жоқ, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Ал Күршім ауданында қатты желден электр желісі үзіліп, бірнеше ауыл жарықсыз қалған. Солардың ішінде аудан орталығы — Күршім ауылы да бар. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.