ШҚО-да қатты желден көпқабатты үйдің қасбеті опырылып түсті
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының орталығында қатты желден көпқабатты үйдің қасбеті опырылып түсті, деп хабарлайды Кazinform.
Шығыс Қазақстанда кешелі бері дауыл соғып тұр. Мысалы, Зайсан қаласында жылдамдығы секундына 26 метрге дейін жететін жел салдарынан Спамбетов көшесіндегі бесқабатты үйдің қасбеті опырылып түсті. Әубәкіров саябағындағы ағаштар да құлады.
«Үйдің сыртқы қаптамасын қалыпқа келтіру жұмыстары шұғыл қолға алынады. Мердігер бұл жұмысты осы аптаның соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Сондай-ақ құлаған ағаштар алынып, саябақ іші тазартылады», - деп хабарлады Зайсан ауданының әкімдігінен.
Бұдан бөлек, Риддер қаласының көшелеріндегі жарнама тақтайшаларын ұшырып әкеткен жел ағаштарды да құлатып жатыр. Соған орай қалалық білім бөлімі бірінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушыларын сабақтан босату туралы шешім қабылдаған. Ал екінші ауысымда оқитын балалар әдеттегідей мектепке барды.
Өскеменде де жел екпіні қатты. Осыған байланысты мемлекеттік рәміздер тауындағы ту бүлініп қалмас үшін төменге түсірілді.
Бұл ретте, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті 24 қазанда да желдің басылмайтынын мәлім етті.
Облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде жел екпіні секундына 15-20 метрге жетпек.