ШҚО-да қатты аяз паромдарды тоқтатты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы өткелде қатты қысқан аязға байланысты жұмадан бастап паромдар қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД-не сілтеме жасап.
«ШҚО жолаушыар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-нің мәліметтері бойынша 2018 жылғы 5 қаңтардан бастап «Қалқымалы өткел» ЖШС паромдар қозғалысын тоқтатады», - делінген хабарламада.
Бұрын хабарланғанындай, өңірде үш күннен бері 30 градус нөлден төмен температура сақталып тұр. Түнде ауа температурасы минус 28-33 градусқа дейін төмендеп, күндіз 22-27 градус айналасында болады. Аудандардың көпшілігінде таңертең тұман түсіп, солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетеді.
Құйған ауылдық округі әкімінің тапсырмасына сәйкес, мұздың жұқалығына байланысты «Қызыл ту» өткеліне автокөліктердің жүруіне тыйым салынды. Қазіргі кезде облыстық орталықпен байланыс «Күршім - Үлкен Нарын - Зырян» және «Күршім - Зайсан» бағыттарымен жүріп жатыр.