ШҚО-да қатты боранда өз көліктеріне жете алмай қалған 3 балықшы құтқарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар боранда қалған 3 балықшыға көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «112» қызметіне қоңырау шалған азамат Ұлан ауданы Сібе көлінде балық аулап жүріп, қиындыққа тап болғанын жеткізді.
«Белгілі болғандай, 3 балықшы ауа райының қолайсыздығына байланысты өз көліктеріне жете алмай қалған. Балық аулаған жерде соққан қатты боран оларды тығырыққа тіреген. Көп ұзамай оқиға орнына келген Ұлан аудандық ТЖБ №13 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері үш адамды көл жағасындағы көліктеріне жеткізді. Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар жақын маңдағы Бозанбай ауылына дейін еріп жүрді», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығын қалың қар жауып, боран соғатыны туралы алдын ала хабардар еткен болатын. Құтқарушылар тұрғындардан тәуекелге бармауды және елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды сұрайды.
Фото: t.me/qr_tjm