ШҚО-да кеншілердің өмірін сақтап қалған ТЖ қызметкерлері марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Азаматтық қорғаныс кіші сержанты Евгений Муромцев пен азаматтық қорғаныс сержанты Денис Федоров ҚР ІІМ ТЖК бұйрығымен ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД-іне сілтеме жасап.

ШҚО-да кеншілердің өмірін сақтап қалған ТЖ қызметкерлері марапатталды

Бұрын хабарланғанындай, 20 қарашада Греховка ауылында оқыс оқиға болған еді. Тау-кен қызметі арнайы бөлімшесінің екі қызметкері жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде газға уланып, құдықтың ішінде тұншығып қалады.

«Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар «Драгер» аппаратымен құдыққа түсіп, кеншілерді сыртқа шығарады. Зардап шегушілердің біріне қолдан дем алдырып, екіншісінің өкпесіне вентиляция жасайды. Сосын «Жедел жәрдемді» күтпей-ақ ауруханаға апарып, өмірін сақтап қалды», - дейді №3 құтқару бөлімшесінің бастығы Ержан Өмірбаев.