ШҚО-да киіз үйлер қалашығы бой түзеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Өскеменнің сол жағалаудағы бөлігінде көздің жауын алатын киіз үйлер қалашығы бой түзеді. Облыс орталығында күндіз ХІХ Халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатына арналған киіз үйлер байқауы өтті.
Облыстың 19 ауданының әрқайсысы өзінің авторлық киіз үйін ұсынып, онда байқаудың басты шарттарын - қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін паш етуге тырысты, «келін түсіру» «бесiкке салу», «тұсау кесу» тәрізді салттарды көрсетіп, бесік жыры мен той жырларын шырқады.
Киіз үйлерде ұлттық тағамдарға толы дастархандар да жайылды. Сондай-ақ көпшілікке қымызды, бауырсақ пен құртты әзірлеу барысы көрсетілді. Мұнда қонақтарды қазақтың бұрынғы дәстүрі бойынша қарсы алды. Киіз үйлер қалашығын аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов әр киіз үйдің құрылуына қатысты ізгі ниетін білдіріп, жұртшылықты ауқымды спорттық мерекені тамашалауға шақырды. ШҚО-дағы ХІХ Халықтық спорт ойындары кешке «Шығыс» стадионында ашылды, деп хабарлады әкімдіктен.