ШҚО-да кісі өлтірген бұрынғы полиция қызметкеріне үкім шықты
Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, осы жылдың 2 сәуірінде Үлкен-Нарын ауылының 32 жастағы тұрғынын 2 ер адам соққыға жыққан. Жәбірленуші Қатонқарағай ауданының ішкі істер бөлімінде қызмет істейтін ағасына шағымданған соң, құқық қорғау органының қызметкері осы құқық бұзушылықты тіркеп, жедел-тергеу тобын шақырудың орнына өз бетінше әрекет еткен. Яғни, ер адамдар істейтін жергілікті техникалық қызмет көрсету орталығына барып, оларға бей-берекет оқ жаудыра бастаған. Осының салдарынан ер адамның біреуі жарақаттанып, оқиға болған жерде көз жұмған. Екіншісі оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Ер адамның біреуі полиция қызметкерінің інісіне де оқ атып, оған жарақат келтірген.
«ШҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен Үлкен Нарындағы атыс бойынша сот ісі аяқталды. Сот үкімі бойынша бұрынғы полиция қызметкері қызметін асыра пайдаланып, кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлайды ведомстводан.
Сотталушы полицияның аға лейтенанты әскери шешінен айырылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.