ШҚО-да қызғылт сары түске боялған өзенге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қызғылт сары түске боялған өзенге қатысты экологтар тексеру жүргізіп жатыр.

ШҚО-да қызғылт сары түске боялған өзенге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Глубокое ауданы Малоубинка ауылдық округіндегі Карагужиха ауылында түсірілген видео тарады. Онда Снегирев кенішіне жақын орналасқан өзеннің қызғылт сары түске боялғаны көрінген.

Куәгерлердің айтуынша, өзеннің қызғылт сары түсі әсіресе жоғарғы ағысында анық байқалған. Ал төменгі ағысқа қарай, көпір маңында су қалыпты түсіне енген.

Осы жағдайға қатысты ШҚО Экология департаментінен жауап берді.

- Карагужиха өзенінен су сынамалары алынды. Қазіргі уақытта зертханалық сараптама жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелері толық дайын болғаннан кейін талдау қорытындылары туралы қосымша ақпарат беріледі, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да Шаған өзенінде судың түсі не себепті өзгергеніне экология департаментінен жауап берген болатын.