ШҚО-да көктайғаққа байланысты бірнеше жол жабылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты бірнеше жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да көктайғаққа байланысты бірнеше жол жабылды

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райының нашарлауына, нақты айтқанда көктайғаққа байланысты өңірдегі екі трасса жабылды.

«Бүгін сағат 18.00-ден бастап облыстық маңызы бар «Семей-Курчатов» тасжолының 4-130 шақырымы көліктің барлық түрлері үшін жабылды. Сондай-ақ облыстық маңыздағы «Семей-Қарауыл» тасжолының 4-182 шақырым аралығында да көлік қозғалысына толықтай тыйым салынған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте департамент мамандары тұрғындарға алыс сапарға шықпауға, жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береді.