ШҚО-да көктемде 1500-ден астам адам әскерге шақырылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы көктемде 1500-ден астам адам әскер қатарына шақырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да көктемде 1500-ден астам адам әскерге шақырылады

Әскер қатарына шақырудың көктемгі науқаны 1 наурыздан 31 маусымға дейінгі аралықта өтеді. Баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркеш Бекбаев өткен жылы өңірде ҚР Қарулы Күштерін және басқа да әскери құрылымдарын жасақтауға 2500-ден астам азамат жіберілгенін айтты.

«Осы кезеңде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, ҚР Қарулы күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдері үшін топтар құрылады. Биылғы науқанда Шығыс Қазақстанда 1500-ден астам адамды шақыру жоспарланып отыр. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру экстерриториялық қағидат бойынша жүргізіледі», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, талап бойынша 18-27 жас аралығындағы денсаулық жағдайы жарамды және мерзімді әскери қызметке шақыруды заңды түрде кейінге қалдырмаған ер адамдар әскерге шақырылады.