ШҚО-да көлікті заңдастырып беруге уәде еткен алаяқ сотталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындарын көлікті заңдастырып беремін деп алдаған алаяқтың бас бостандығы 3 жыл 7 ай мерзімге шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қала тұрғындарына өзін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырған 28 жастағы ер адам шет елдерден әкелінген көлікті заңдастыруға көмектесе алатындығын айтқан.
«Алайда оның шетелдік автокөлікті заңдастыру қызметімен айналысуға заңды құқығы мүлде болмаған. Осылайша, 2 азаматтың сеніміне кірген алаяқ 1 млн 700 мың теңге пайда көрген. Жәбірленушілердің шағымынан соң іс сотқа жетті. Сот шешімімен айыпталушы 3 жыл 7 ай мергімзе бас бостандығынан шектелді», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта ер адамға пробациялық бақылау тағайындалған. Егер пробация қызметкерлерінен жалтарған жағдайда ол түрмеге қамалады.