ШҚО-да көпбалалы отбасыларға 200-ден астам үй салынуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 200-ден астам екі пәтерлі тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да көпбалалы отбасыларға 200-ден астам үй салынуда

Өңір басшысы Даниал Ахметов қала, аудан әкімдерімен тұрғын үй құрылысы бойынша селекторлық кеңес өткізді. Шара барысында облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығы айтылды. Қазіргі уақытта жекеменшік құрылыс компанияларының есебіне жалпы ауданы 37,5 мың шаршы метрді құрайтын 209 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұл үйлер көпбалалы аналарға сатып алынбақ.



«Бүгінгі күні осы санаттағылар үшін жалпы ауданы 12,7 мың шаршы метрлік 144 пәтерлі 78 тұрғын үй пайдалануға берілген. Зайсан ауданында көпбалалы отбасыларға арналған сегіз үй салынды. Қосымша тағы сегіз үйдің құрылысы 1 желтоқсанға дейін аяқталады. Сонымен қатар келесі жылы 50 үйдің құрылысы жүргізілмек. Абай ауданында салынып жатқан 13 үйдің құрылысы қараша айының соңында тәмәмдалады», - дейді ШҚО әкімі.



Өткен жылы өңірде 563 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлаған. 2020 жылдың аяғына дейін 1047 отбасы баспаналы болады. Жыл басынан бері 379 отбасы өз үйінің кілтін алды. Жоспар бойынша биыл 668 аз қамтылған және көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Осы уақытта облыстың ірі қалаларында 400-ден астам, ал аудандарда 500-ден астам отбасыға тұрғын үй берілді.