ШҚО-да коронавирус жұқтырғандар азайды ма, Ashyq жобасының тиімділігі қандай - маманмен сұхбат
- Пандемия басталғалы бері облыс бойынша қанша адам коронавирус жұқтырды?
- Сол уақыттан бастан осы жылдың 26 қыркүйегіне дейін Шығыс Қазақстан облысында 44117 адам вирус жұқтырған. Оның ішінде 77%-ында, яғни 34133 науқаста ауру белгілері болса, қалғандары дертті симптомсыз өткерді.
100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші – 3236,8 құрап отыр (республикалық көрсеткіш – 4695,9). Жыл басынан бері ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 39 қаулысы шықты.
- Қазіргі уақытта өңірде вирусқа шалдыққандар азайып жатыр ма, әлде көбейді ме?
- 15-22 қыркүйек аралығында өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 0,5%-ға төмендеген. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша облыс «сары» аймақта тұр.
26 қыркүйек күні өңірдің 10 аудан, қаласында 95 адамның ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады.
Оның 87-сі – ауру белгілері бар науқастар. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық талдаулар 22 науқастан бұрынырақ КВИ жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін алынса, ЖРВИ белгілерімен өз өтінішімен түскен 67 пациенттен тексеру кезінде және 6 адамнан профилактикалық мақсатта алынды.
- Ashyq жобасына Шығыс Қазақстанда қанша объект қатысып отыр? Бұл жоба өз тиімділігін қаншалықты көрсетуде?
- Аталмыш жоба бойынша облыста 8441 мекеме жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ресми қатысушылар – 8370, тестілік режимдегілер – 171. «Ashyq көшбасшылары» статусын беру алгоритміне сәйкес, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 26 тамыздағы №37 қаулысымен «Ashyq» жобасының 217 қатысушысы көшбасшы болып танылды.
Тексеру барысында 73 объектіде шектеу шараларының бұзылуы анықталған. Сондай-ақ жобаға қосылған нысандарға «қызыл» және «сары» статусы бар 3669 адамның келуі тіркелді. Оның ішінде «қызыл» статусы бар – 1440, «сары» статусы бар – 2229 адам. «Сары» статусы анықталған тұлғаларға қатысты санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы 1900-ден астам қаулы шығарылды. «Қызыл» статусы бар 78 адамға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес аталған азаматтарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
- Бүгінде облыста қанша мониторинг тобы жұмыс істейді? Рейд нәтижесі қандай?
- Шығыс Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында объектілердің шектеу шараларын сақтауын бақылау үшін мониторингтік топтар құрылған. Бүгінде облыста осындай 200 топ бар.
2021 жылдың 1 қаңтары мен 26 қыркүйегі аралығында мониторинг топтары 21262 рейд жүргізіп, 61566 объектіні тексерді. Соның нәтижесінде 5348 нысанда бұзушылық анықталған.
Түскен материалдар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес – 2392 хаттама толтырылды.
Оның ішінде жеке тұлғаларға – 2171 , кәсіпкерлерге – 83, заңды тұлғаларға – 3, лауазымды тұлғаларға – 5. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 139 млн теңгеден асады.