ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 40-қа жуық шетелдік жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 40-қа жуық шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 40-қа жуық шетелдік жауапқа тартылды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасын өткізуде.

«Соның аясында көші-қон қызметінің мамандары облыста уақытша және тұрақты тұратын шетел азаматтарының тіркелген мекенжайларын, қабылдаушы тұлғалардың оларға шетелден келген қонақтар туралы уақтылы хабарламаларының болуын тексеріп жатыр. Үш күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 98 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 39-ы шетелдік», - делінген ақпаратта.

Екі шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылып отыр.

Осы ретте, ШҚО ПД көші-қон қызметі қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға 3 күн ішінде шетелдіктердің келгені туралы хабардар етуге міндетті екенін ескертеді. Уақтылы хабарламаған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.