ШҚО-да көшкін қаупі сейіліп, халыққа тауға баруға рұқсат етілді

ШҚО-да көшкін қаупі сейіліп, халыққа тауға баруға рұқсат етілді
Фото: ТЖМ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында көшкін қаупі сейіліп, халыққа тауға баруға рұқсат етілді.

Шығыс Қазақстан таулы аймақ болғандықтан қар көшкіні қаупі жоғары. Бұл қауіпті кезең қараша айынан басталып, қар әбден ерігенге дейін созылады.

«Облыс аумағындағы барлығы 497 учаскеде көшкін жүруі мүмкін. Оның ішінде 325-і шаруашылық субъектілері мен адамдардың өміріне қауіп төндіреді. 93 шақырым автожол көшкін қаупі аймағында орналасқан. Талдау жүргізген «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары биыл қардың жиналуы норманың 20% құрағанын анықтады. Қаңтар-наурыз айларында қар жамылғысының биіктігі орта есеппен 160 см болған. Қаңтар-ақпан айлары ең қарлы болды», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.

Қыс кезінде өңір бойынша қар көшкіні 9 рет өздігінен түскен. Қардың жалпы көлемі – 18 540 текше метр. Зардап шеккен адам мен қираған ғимарат жоқ.

Көшкін қаупі бар кезеңде халыққа тауға шығуға тыйым салынған еді. Енді тұрғындар таулы жерлерге барып демала алады.

Соңғы жаңалықтар