ШҚО-да құрылысы «жыр» болған Осинов асуындағы жол биыл салынып бітеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының Осинов асуындағы жол құрылысының аяқталуын күтіп жүргендеріне 7 жылдан асты.

Осинов асуындағы жол биыл салынып бітеді
Фото: Нелли Нигматуллина

2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталған болатын. Бұл - өте маңызды жол. Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді.

Арада 7 жыл өтсе де жол әлі салынып бітпеді.Оның себебі – жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткен. Әйтеуір мәселе шешіліп, 2023 жылдың қазан айында жұмыс қайта жанданды.

«Қазавтожол» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың аяғына дейін құрылысты аяқтау жоспарланған.

- Қаржыландыруға қатысты ешқандай қиындық жоқ. Республикалық бюджеттен ақша бөлініп жатыр. 2023-2024 жылдары жоспарланған 13,2 млрд теңгенің 7,9 млрд теңгесі игерілді. 2025 жылға тағы 5,3 млрд теңге бөлінеді, - дейді филиал директоры Нұрбек Темірханов.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО жолдарын қанша дрон патрульдеп жүргені жайлы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар