ШҚО-да күз басталғалы 18 мыңға жуық адам ЖРВИ жұқтырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында қыркүйек айынан бері жіті респираторлық вирустық инфекцияға 17 863 адам шалдыққан.

ЖРВИ, тұмау, науқас. грипп
Фото: ДСМ

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күздің басынан бері тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті.

- Биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Шығыс Қазақстанда жіті ЖРВИ-дің 17 863 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 40 пайызға аз. Науқастардың басым бөлігі Өскемен қаласында анықталған (8 785 адам), - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Риддер қаласында инфекцияның – 1 842, Глубокое ауданында – 1 827, Ұлан ауданында – 1 655, Алтай ауданында – 1 021 және Шемонаиха ауданында 836 жағдайы тіркелген.

- Ал тұмау жұқтыру деректері әзірге анықталған жоқ. Қараша мен ақпан айлары аралығында аурушаңдық деңгейі артуы мүмкін. Алайда эпидемиологиялық өсімнің нақты шарықтау шегі вирустардың таралу қарқынына байланысты болады, - деп хабарлады департамент өкілдері.

Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында 8 мыңға жуық адам ЖРВИ жұқтырғаны хабарланған.